«ТУҒАН ЕЛГЕ САЯХАТ» ЖОБАСЫНЫҢ 200 БАЛАСЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МАСТЕР-КЛАССҚА ҚАТЫСТЫ
26/06/2024
«Самұрық-Қазына» қоры «Туған елге саяхат» қайырымдылық жобасының балаларына экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша мастер-класс өткізді. Экологиялық сабақ су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан және компаниялар тобының өндірістік кәсіпорындары орналасқан шалғай аудандардан келген 200 баланы қамтыды.
«Samruk Business Academy» мамандары - сертификатталған эколог, зертханалық тестілеу саласындағы сарапшы Гүлсанат Жұмағалиева және экотренер Дария Ғылымжанқызы интерактивті сессия ұйымдастырып, қатысушыларды «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының тұжырымдамасымен таныстырды. Балалармен бірге экологиялық мәселелер талқыланып, қоқыстарды сұрыптау және қоршаған ортаны жақсарту бойынша кеңестер берілді. Сондай-ақ, балалар танымдық және іс-әрекет ойындарына қатысып, қазақстандықтарға ресурстарды қалай үнемдеу керектігі мен табиғатты қорғау қажеттілігі туралы ойларымен бөлісті.
Сонымен бірге сапар бойы пойыз вагондарында қоқысты сұрыптауға арналған арнайы контейнерлер орнатылады. Осылайша балалар алған білімдерін іс жүзінде қолданып, әрі экологиялық әдеттерді дамыта алады.
Естеріңізге сала кетейік, «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен жүзеге асырылатын «Туған елге саяхат» жазғы танымдық-туристік пойызы 27 маусымда жолға шығып, онда 12 күн ішінде балалар Астана, Бурабай, Алматы, Тараз, Түркістан және Байқоңырдың танымал мәдени-тарихи орындарына барады. Жоба екі маусымда өтеді. Оған әрқайсына 200 баладан қатысып, көп балалы және аз қамтылған, толық емес отбасылардан шыққан су тасқыны салдарынан зардап шеккен өңірлерде тұратын, сондай-ақ Қор компаниялары тобының өндірістік қызметкерлерінің 10-15 жас аралығындағы балалары қамтылады.
Comments are closed.