Медициналық пойыз 17 маусым Ақтөбе облысында жұмысын бастады

17/06/2024

28 маусымға дейін өңірде тегін медициналық-құқықтық көмекпен 7 станция мен олардың маңайындағы ауылдар тұрғындары қамтылатын болады.

«Саламатты Қазақстан» кеңес беру-диагностикалық пойызы 2024 жылдың мамыр айының басынан бері Маңғыстау және Атырау облыстарының шалғай бекеттерін аралады. Нәтижесінде 14202 қазақстандық, оның ішінде 6079 бала ақысыз медициналық жәрдемге қол жеткізіп, құқықтық тұрғыда 1061 арыз қарастырылды. Енді доңғалақ үстіндегі емханадағы дәрігерлер мен әлеуметтік құқық мамандары Ақтөбе облысында Ноғайты, Шұбарқұдық, Қарашоқат, Бегімбет, Қотыртас, Мұғалжар және Мәртөк елдімекендері халқын күнделікті 13:00-14:00 түскі үзіліспен сағ. 09:00-18:00 аралығында қабылдайды. Тұрғындарда өздерімен бірге жеке куәлігі болса жеткілікті.

Пойыз құрамындағы 40 қызметкер – медицина қызметкерлері қажет болған жағдайда шағын операциялар жүргізіп, жоспарлы емдеуге жолдама берсе, медиатор мен заңгер зейнетақы-жәрдемақы, әлеуметтік төлем және атаулы әлеуметтік көмек алу секілді өзекті мәселелер жөнінде кеңесімен бөліседі. Атап айтқанда, денсаулық керуенінде терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика, жалпы тәжірибе дәрігері, рентгенолог, жүрек, тіс, көз, құлақ, тамақ және мұрын дәрігері, онколог-маммолог, гинеколог және уролог сынды білікті дәрігерлер және көмекші мамандар бар. Ал медиатор мен заңгер түрлі еңбек-әлеуметтік дауларды сотқа дейін шешуге күш салады.

«Көбінесе шалғай ауылдарда ауруханалар болмайды және тұрғындардың барлығы әр уақытта аудан орталығына бара алмайды. Оның үстіне биыл, баршаңызға белгілі, бірқатар өңірді су алып, қиындық туындады. Ал медициналық пойыз жағдайында балаларды қаратып, ересектердің өздерінің де барлық маманнан бірден кеңес алудың жақсы мүмкіндігі бар. Пойызға ең заманауи медициналық жабдықтар қойылып, тіпті адамдарға шағын оталар жасау қарастырылған», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Альфия Адиева.

Пойыздың қозғалыс кестесі мен толық ақпаратты sk-trust.ibitrix.kz, medpoezd.kz сайттарынан және жобаның әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады.

Әлеуметтік жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзара ынтымақтастығы негізінде жүзеге асуда.

Comments are closed.